Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы мұражайы
Музей — адамзаттың рухани, материалдық құндылықтарының, ғылыми жетістіктерінің дамуы мен жай-күйін баяндайтын мәдениет ордасы ғана емес, ұрпақ жалғастығының негізгі алтын көпірінің бірі. Сондықтан да музейге бару, музейді тану, музейді бағалау мәдениетін қалыптастыру әрқайсымыздың өз қолымызда. Ұрпақ тәрбиесі қай елдің, қай ұлттың, қай кезеңнің болмасын негізгі мәселелерінің бірі болып қала бермек. Осы тұста халқымыздың ғасырлар бойы жинақтаған тәжірибесіне сүйенген жөн. «Өткеніңді білмейінше, болашағыңды болжай алмайсың»- дегендей мұражай келушілері мектептің тарихымен таныса келіп, бүгінгі күннің көкейкесті сауалдарына жауап іздейді, қоғамның, мектептің бұдан былайғы дамуының заңдылықтарын түсінгісі келеді. Таным дүниесіне осылайша қарасақ, мұражай өткен мен болашақты жалғастырушы түйін болып табылады. «Құжатсыз тарих болмайды, тарихсыз ел болмайды»,- деп, кеңес тарихшысы, академик Е.В.Тарле айтқандай, ел тарихын білу, білдіру, дәріптеу аса маңызды жауапкершілікті талап етеді. Қазіргі таңда еліміздің барлық білім бру ұйымдарында музейлер ашу қолға алынуда. Сондықтанда музейлік жәдігерлер жиынтығы тек түпнұсқалық айғақ көзі ғана емес, жас өскелең ұрпаққа ағартушылық, эстетикалық тәрбие құралы деуге болады. Музейдегі экскурсиялар арқылы жастардың бойына өз Отанына, туған өлкесіне, тілі мен дініне, салт-дәстүріне деген сүйіспеншілігі мол мағұлматтарды меңгертіп, оқу-тәрбие үрдісінің сапасын жақсартудың бір әдісі ретінде қолдануға болады. Осындай жас ұрпақтың бойында отбасы, ата-ана, мектеп, туған өлкенің тарихына, еліміздің өткені мен бүгініне құрметпен қарауды, адамгершілік-эстетикалық мәдениеті жоғары, ой-өрісі биік, ғұлама тұлғаларды құрметтейтін, «түгел адам» құндылықтары қалыптасқан тұлғаны тәрбиелеуді мақсат еткен «Мәшһүр Жүсіп мұражайы» Астана қаласында орналасқан «Мәшһүр Жүсіп атындағы №57орта мектеп» мемлекеттік мекемесінде жұмыс жасап келеді. Мәшһүр Жүсіп Мұражайы — тарихи-мәдени мекеме. Музейдің іргетасы 2022 жылы қаланған. Мұражайда Мәшһүр Жүсіптің тірі күнінде тұтынған бұйымдар мен киімдердің суреттері, ақын өмірінен алуан түрлі деректер беретін материалдар мен қолжазбаларының көшірмелері, әр жылдары жарық көрген кітаптары, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының арабшадан қазақшаға аударылған 20 томдық шығармалар жинағы орналасқан. Мәшһүр Жүсіптің тікелей ұрпақтары Қуандық Пазылұлының, Гүлназ Қуандыққызының, Нартай Қуандықұлының, Әсет Қажымұқанұлының еңбектері де жинақталған. С.Торайғыров атындағы Павлодар Мемлекеттік Университетінде өткен халықаралық Мәшһүр Жүсіп оқуларының материалдары қойылған. Мәшһүр Жүсіптің кесенелері, ұстаздары Исахан хазірет пен Исабек Ишанның портреттері және Мәшһүр Жүсіп оқыған Орта Азиядағы беделді оқу орындары Көкілташ пен Бұқараның суреттері, Мәшһүр Жүсіптің көзі тірісінде «Дала Уалаяты» газеті, «Айқап» журналдарын да шыққан мақалаларының фото суреттері орналасқан. Сонымен қатар мұражайдың бір бұрышында Мәшһүр Жүсіп өз зиратын қаздырған кезде шыққан төрт бұрышты қасиетті көк тасының көшірмесі орналастырылған. «Адам ұрпағымен мың жасайды» аталмыш стендта Мәшһүр Жүсіптің жары Рабиға Шегебайқызының және үлкен ұлы Мұхаммедшарапиден, ортаншы ұлы Мұхаммедәмен, кенже ұлы Мұхаммедфазылдың фото суреттері, Мәшһүр Жүсіпті көзі тірісінде күтіп, қолында болған үлкен келіні Ақзейнеп Ысқаққызы мен Мәшһүр Жүсіп кесенесінде көп жылдар шырақшылық еткен екінші келіні Нүрилә Тәшқызы, Мәшһүр Жүсіптің ағайындас туысы Әуезбек Әбусейітұлының, немересі Сүйіндік Көпеевтің, жинені Қасенғали Жүсіпұлының фото суреттері орналастырылған. Мәшһүр Жүсіпті көзімен көріп, қасында өскен немерелері Төлеубай Шәрапиденұлы мен Зарауқа Шәрапиденқызы және мәшһүртанушы ғалым немересі Профессор Қуандық Пазылұлының да фотосуреті көпшілік назарына ұсынылған. Сонымен қатар мұражайдың бір қабырғасында «Шежіре» стенді Мәшһүр Жүсіптің яғни Арғын — Күлік шежіресі, ал екінші жағында «Мәдени мұра ескерткіштері» стенді орналасқан. 2006 жылы «Мәдени Мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында, жаңа үлгіде бой көтерген Мәшһүр Жүсіп кесенесі, мешіттер мен ескертіштер бейнеленген. Мектеп оқушылары ойшыл, фольклор танушы, этнограф, тарихшы, философ, қазақ мәдениеті мен әдебиетінің белгілі тұлғасы, асыл дінімізді насихаттауға өлшеусіз үлес қосқан Мәшһүр Жүсіп ғұламаның өмірі мен шығармашылығы туралы оқып біліп қана қоймай, зерттеу жұмыстарын қолға алуда. Музейге келушілерге ақын М.Ж.Көпеевтің шығармаларымен танысуға жағдай жасалынған.













Средняя школа №57, улица Шарбакты, 46, Астана
57-astana@edu.kz
+7 (7172) 50-15-36
© 2024 Барлық құқықтар қорғалған.